Іс-шараның мақсаты – ұлттық жазба мұраны насихаттау, шетелдік қорларда сақталған сирек қолжазбалар мен кітап мұраларын ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары арқылы мәдени құндылықтарға қолжетімділікті арттыру. Сонымен қатар, қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылды.
Каталог-альбомда шетел архивтері мен кітапханаларында сақталған араб, парсы, шағатай, түркі және қазақ тілдеріндегі 72 қолжазба мен сирек басылымның библиографиялық сипаттамалары ұсынылған. Материалдар ғылыми археографиялық экспедициялар мен шетелдік қорларда жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған.
Іс-шара аясында «Ұлы даланың жазба мұралары» атты тұрақты экспозицияның виртуалды нұсқасы да таныстырылды. Бұл жоба келушілерге бірегей тарихи материалдармен заманауи цифрлық форматта танысуға мүмкіндік береді. Экспонаттарға қолжетімділік QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады: оларды сканерлеу арқылы пайдаланушылар сирек қолжазбалар мен басылымдар туралы толық ақпарат алып, ұлттық мәдени мұрамен терең әрі интерактивті түрде таныса алады.