Тарыдай шашылған тарихымыз дүниенің төрт бұрышынан қайта табылып, өшкеніміз жанып отыр. Қатпарланған ескі ғасыр бедерлері еңкеймеген рухымыздың куәсіндей, азаттығымыздың айғағындай.
«Архив-2025» бағдарламасы аясында Қазақстанның Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы Мәскеуге ғылыми зерттеу сапарын жүргізген болатын. Экспедиция олжалы болып, XVII ғасырға жататын парсы тіліндегі «Тарих» қолжазбасы табылып отыр.
Жаңа көзқарасқа бастаған қордалы еңбек дүлдүл тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабының жалғасы іспетті кең тыныспен жазылған. Сондай-ақ Қазақ хандығын зерттеушілерге қолжазбада маңызды деректер ұшырасады. Еңбекте қазақтардың Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен қарым-қатынасы турасында да қызықты мәліметтер қамтылған.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Абсалықов қолжазба авторының қазаққа қатысы болуы мүмкін екенін жеткізді.
– Бұл кітап кеңес кезінде орыс тіліне аударылған. Аудармашылар түпкі қолжазбаның қырық пайызын ғана аударғандарын, түгел тәржіма жасамағанын айтады. Кітапта Қазақ хандығы туралы, соның ішінде Хақназар хан хақында біршама мағлұмат бар. Қазақ хандығы мен Моғолстан мемлекетінің арасындағы байланыс жөнінде қысқаша деректер де ұшырасады. Мәскеуде жалғыз ғана данасы сақталған қолжазбаны көшірме жасаған себебіміздің бірі – өзіміздің көрме залға қойып, жас ұрпаққа таныстыру болса, екіншісі – тарихшыларымызға жаңа терезе ашу. Кітап авторына келсек, чурос деген тайпа атауы бар. XIV-XV ғасырда Моғолстанмен соғыс болып, жетпіс пайыз чуростар қалмақтарға қоныс аударса, қалғаны қазақтарға, қырғыздарға, ұйғырларға сіңеді. Мысалы, дулат руының ішінде «шора» деген тармағы бар. Бұл көшпелі чурос тайпасы болуы мүмкін, – дейді тарихшы.
Кітап авторы Шах Махмуд ибн Мирза Фазыл Чурос – Моғолстан тарихы бойынша бірнеше елеулі еңбектің авторы. Замана сұсын баққан тегеурінді тұлға өз шығармаларын 30 жыл жазып, шежіре білгірі ретінде танылған. Шах Махмудтың «Тарих» атты еңбегінде Шығыс Түркістан халықтарының тарихы ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан, Қазақстан, Орта Азия хақында жаңа дерек көздері бар.
Айта кетейік, қолжазба алғаш рет 1913 жылы Ташкенттегі Бақи-Жанбайдың жеке қолжазба қорынан табылған.